Теракт құрбандарына Құран бағышталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбедегі өкіл имамы Төлеби Оспан. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Бүгін бесін намазынан кейін Ақтөбедегі мешіттерде теракт құрбандарының рухына Құран бағышталды. Намазға жиналған жүз шақты адамның алдында облыстың бас имамы Төлеби Оспан «Кеше ғана қандықол қарақшылардың, лаңкестердің қолынан қаза тапқан жерлестеріміздің, бауырлардың рухына құран бағыштадық. Ерлікпен қаза тапқан сол бауырларымыздың рухын шат-шадыман ете гөр, артында қалғандарға сарқылмас сабыр бер» деді.

Төлеби Оспанның Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Ақтөбедегі өкіл имамы болып тағайындалғанына 1 айдың жүзі болды. Намаздан кейін Азаттық тілшісіне сұқбат берген бас имам өңірдегі діни ахуалды «тұрақты» деп бағалады.

- Бірнеше адамның іс-әрекетіне қарап, Ақтөбеде теріс ағымды ұстанушылар басым дей алмаймын. Мысалы, мен жуырда діни ахуалы күрделі саналатын Мұғалжардың мешітінде болдым, жұма намазына қатыстым. Байқауымша, ондағы жамағаттың 90 пайызы намаздың соңына дейін отырды, - дейді Төлеби Оспан.

Жергілікті молдалардың бірі Молдабай Көрпежановтың сөзіне қарағанда, радикалды исламды ұстанушылар мешіт тәртібін мойындамайды. Намаздың аяқталуын күтпейді. Мешітте елден оқшауланып отырады.

- Бұлардың оқитын намазы біртүрлі... Біздің намаздарға сәйкес емес. Аяқтарын талтайтып алады, қолдарын көтере береді. Неше түрлі қылықтар жасайды. Біз талай рет айттық. Олар біздің сөзімізге құлақ аспайды. Бір жолы тіпті төбелесуге дейін барғанбыз, - дейді Молдабай Көрпежанов.

Ақтөбелік молда шабуылға байланысты айыпталып, іздеу салынған азаматтарды «фитнәшілар» деп атады және өзін ел арасына іріткі салушылардың жаназаларына шақырған жағдайда бас тартатынын, оларға жаназа шығарып, "күнәһар бола алмайтынын" айтты.

Маусымның 5-інде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 20 адам қаза тапқан Олардың 13-і – «шабуыл жасады» деген күдіктілер, төртеуі – бейбіт тұрғын, үшеуі - әскерилер.

Маусымның 5-індегі шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы – қызыл деңгейі, ал Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдар жайлы үш күннен соң мәлімдеме жасап, «террористік актіні радикал жалған діни ағым өкілдері ұйымдастырғанын, олар нұсқауды шетелден алғанын» хабарлады.

Бүгін, 9 маусым - Қазақстанда Ақтөбедегі қарулы топ шабуылынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилерді ұлттық аза тұту күні.