ҰҚК Ақтөбе департаменті: Облыста 90 қауіпті жиһадшы бар

Ақтөбеде антитеррорлық операция кезіндегі полиция жасағы. 10 маусым 2016 жыл.

Ақтөбе облысында 1 мың 665 "радикалдық ұстанымдағы" адам бар деп мәлімдеді бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы Нұрлан Қадырбаев.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қадырбаев бұл туралы бүгін Ақтөбедегі Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінде премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен антитеррорлық штаб жиында айтты.

Ақтөбедегі шабуылдар мен облыстағы қауіпсіздікке қатысты сөйлеген Қадырбаев аталған бір жарым мыңнан астам адамның 90-ы "қауіпті жиһадшы" екенін, "ыңғайлы сәтін күтіп жиһадқа дайын отырғанын" айтты. "Біз жұмыс жасап, 50 салафитті райынан қайтардық. Көп жағдайда оларды райынан қайтару қиын. Себебі біздің өңірде сауатты теологтар мен беделді имамдар аса тапшы" деді Қадырбаев. Ол осыған байланысты үкіметтен Ақтөбе облысы бойынша діни мамандар тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.

Қадырбаев бұған қоса ҰҚК облыста 14 "радикалдық топ өкілдерін шетелге кетпек әрекетін" тоқтатқанын айтты.

Ол шабуылдар мен одан кейінгі арнайы операциядарда ҰҚК департаменті мен ішкі істер департаменті материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағынан қиындық көргенін де айтты. Оның сөзінше, ҰҚК департаментінің ғимаратының өзі заманауи қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Департаментте заманауи бақылау құрылғылары да жоқ екенін айтты Қадырбаев.

Ақтөбеде 5 маусымда бір топ қарулы адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдап, салдарынан ресми мәлімет бойынша сегіз адам қаза тапқан. Шабуылдан кейінгі терроризмге қарсы арнайы операциялар барысында 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылғаны хабарланған.