ЦРУ: ИМ содырларын Батыс елдеріне жіберуге күш салып жатыр

Джон Бреннан, АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры

АҚШ Орталық барлау басқармасының (немес ЦРУ) директоры Джон Бреннан экстремистік "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымы Батыс елдеріне шабуыл жасау үшін содырларын жіберуге тырысып жатыр деп мәлімдеді.

АҚШ сенатының барлау комитетіндегі тыңдауда Бреннан ИМ Сирия мен Иракта территорияларынан айырылып жатқанымен, әлі де қауіпті және әлемде ауқымды шабуылдар ұйымдастыра алатынын айтты. Оның сөзінше, қазір ИМ содырларының саны кезінде "Әл-Қаида" ұйымының ең күшейіп тұрған уақытындағы содырларынан көп. Бреннан қазір Сирия мен Иракта ИМ-нің 22 мыңнан астам содыры соғысып жүр дейді.

Джон Бреннан Орландо қаласында түнгі гей клубқа жасалған шабуылдан бірнеше күннен соң тыңау өткізіп отыр. Күдікті Омар Матин есімді америкалық жасады деген шабуылдан 49 адам қаза тауып, полиция Матиннің көзін жойған. Шабуыл алдында Матин өзінің ИМ-ге адал екенін білдірген. Бірақ Бреннан ЦРУ-да Матин мен ИМ арасында қандай да бір тіке байланыс болғаны туралы дерек жоқ дейді.

"ИМ-де Батыс елдерінен шыққан содырлар көп және олар Батыс елдерінде шабуылдар жасай алатындай қауқарда" деді Бреннан. Оның пікірнше, ИМ содырларын Батыс елдеріне босқын, мигрант немесе заңды турист ретінде астыртын жолмен жіберуге тырысуы мүмкін.

"Өкінішке қарай, ИМ-ге қарсы барлық әскери және қаржылай шараларымыз сәтті болып жатқанына қарамастан біздің жасап жатқан шараларымыз бұл топтың террорлық әлеуетін әлсірете алмай тұр" деді ЦРУ басшысы.