Ажарқұлованың сотында қоғамдық ұйым құжаты сөз болды

Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова адвокат Гүлнар Жуасбаевамен кеңесіп отыр. Шымкент, 6 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша сотталып жатқан Қыздығой Ажарқұлова бүгінгі сот отырsсына Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері тәркілеген «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымына тиесілі 20 қорап құжаттың тоғызы "жоғалып кеткенін" мәлімдеді.

16 маусымдағы күнгі сот отырысында судья Мадияр Абдірасилов прокурор Мыңтаевқа сегіз жәбірленушінің барлығы сотқа келуі керек екенін тағы бір рет ескерткенімен бүгінгі сот отырысына алты жәбірленуші қатысты. Қалған жәбірленушілердің неліктен сот отырысына келмей қалғаны белгісіз болып шықты.

Бұл жолы кеше келмей қалған айыпталушы жақтың куәгері мен айыпталушы Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева екі жәбірленушіден жауап алды. Жәбірленушілердің Ажарқұловаға ақша бергенін растайтын құжаттардың жоқтығы тағы айтылды.

Содан кейін адвокат Гүлнәр Жуаспаева Ажарқұлова қоғамдық ұйым төрайымы болып тұрған кезде жәбірленушілерге қандай көмек көрсеткенін растайтын құжаттарды судьяға ұсынды. Адвокат судьяға тергеу кезінде ұсынылған қылмыстық іске қажетті дәлелдемелердің іске тіркелмей қалғанын сөз етті. «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымына тиесілі құжаттар облыстық ішкі істер департаментінде (ІІД) сақтаулы тұрғанын айтты.

- 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта жұмыс істеген қоғамдық ұйымның бар құжатын облыстық ІІД қызметкерлері тәркілеп алған. Сол құжаттар туралы маған ақпарат берді. Оқып шықсам 20 қораптың 11-ғана көрсетілген. Қалғаны қайда кетті? Содан кейін сол қораптарда тұр деген құжаттардың тізімін қарап шықтым. Ұйымға қатысы жоқ құжаттардың ғайыптан пайда болып қалғанына куә болдым. Бұл құжаттар қайдан келген? – деді айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова.

Судья бұл сұрақ 29 маусым күні өтетін келесі сот отырысында қаралатынын хабарлады.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.