WADA Риодағы допинг талдауын жүргізетін зертхана жұмысын уақытша тоқтатты

Рио-де-Жанейро федералдық университетіндегі допинг талдауын жүргізетін зертханада тұрған әйел. 8 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына бір жарым ай қалғанда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы допинг талдауын жүргізетін зертхана жұмысын уақытша тоқтатты.

Жұма күні жарияланған WADA мәлімдемесінде мұндай шешім қабылдауға «зертхананың халықаралық талаптарға сай еместігі» негіз болғаны айтылған. Бразилиялық зертхана өкілдері шілде айында жұмысты жалғастыруға үміттеніп отыр.

Aгенттік өз шешіміне қарсы Рио зертханасы 21 күннің ішінде халықаралық спорт сотына шағым беруге құқылы екенін айтады. Бірақ оған дейін Рио зертханасына қан және несеп талдауын жүргізуге тыйым салынады. Оған дейін бұл зертханаға тапсырылған допингке қарсы талдау жұмыстарын WADA аккредитация берген өзге зертханалар атқаратын болады деп мәлімдеген халықаралық агенттіктің бас директоры Оливье Ниггли.

WADA жаңадан анықталған проблеманы шешу үшін Рио-де-Жанейро зертханасымен тығыз әріптестік негізде жұмыс істеуге әзір деген Ниггли әңгіме нақты қандай проблема туралы болып отырғанын ашып айтпады.