Қазақстандық ауыр атлеттер әлемдік жастар чемпионатына қатысады

Қазақстандық Илья Ильин ауыр атлетикадан әлем чемпионатында. Алматы. 15 қараша, 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Тбилисиде жастар арасында басталған әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының қатысуына рұқсат берген. Бұл туралы ақпаратты бүгін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы өз сайтында жариялады.

«Қазақстандық атлеттер И.Ильин, С.Подобедова, М.Манеза, З.Чиншанлоның допинг сынамалары жайлы қолайсыз фактілер болғанымен, қазіргі таңда олардың кінәлері дәлелденбегендіктен Қазақстан құрамасын Тбилисиде басталған жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысуға жіберді» деп хабарлайды қазақстандық федерация.

Бұған дейін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза және Зүлфия Чиншанлоның сынамаларынан допинг іздері табылғанын мәлімдеген соң төртеуі де жарыстардан шеттетілген. Сонымен бірге Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) спортшыларынан допинг іздері табылған Ресей және Беларусь командаларымен бірге Қазақстан құрамасын да бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім шығарған еді. Бірақ нақты қай мерзімнен бастап шеттетілетіні көрсетілмеген.

2008 және 2012 жылдары қатарынан екі Олимпиада жеңімпазы атанған Илья Ильин допинг туралы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Қазақстанның спорт ұйымдары да допинг жайлы айыптаулармен келіспейді.

Бұған дейін Рио Олимпиадасының 10 лицензиясына ие болған Қазақстан құрамасы ​допинг дауына ілінгеннен кейін оның екеуінен айырылған. Қос жолдаманың бірі ерлер командасына, екіншісі - әйелдер командасына тиесілі еді.