Бішкекте «Құмтөр» кенішін мемлекет иелігіне алу туралы бастама көтерді

Қырғызстанның «Құмтөр» алтын кенішіндегі зауытта.

Қырғызстанда «Ата Мекен» партиясының парламенттегі фракциясы «Құмтөр» кенішін мемлекет меншігіне алу туралы мәселені қайтадан көтеріп, тиісті заң жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне парламент депутаты Алмамбет Шыкмаматов хабарлады.

«Егер ұсыныс қолдау тауып жатса, онда қыркүйектен бастап заңды ресми түрде өзгертуге кірісеміз. Ал егер канадалық «Центерра голд» компаниясы талап етіп отырған 3 миллиард доллар туралы айтар болсақ, біздің экологиялық проблемаларға қатысты қояр талабымыз бар. Сондықтан өтемақы сомасы 500 миллион долларға дейін азаяды. Біздің өтемақыны төлеп, одан соң мемлекет иелігіне алуға кірісуге мүмкіндігіміз бар», – дейді ол.

«Құмтөр» кенішін мемлекет иелігіне қайтару туралы мәселені «Ата Мекен» партиясы бұның алдындағы парламентте де көтергенімен, ол жолы қолдау таба алмаған еді.