ЕО басшылары Ұлыбританияның одақтан шығу салдарын талқылайды

Франция президенті Франсуа Олланд (солдан оңға қарай), Германия канцлері Ангела Меркель және Италия премьері Маттео Ренци. Берлин, 27 маусым 2016 жыл.

Брюссельде бүгін Ұлыбританияның Еуропа Одағынан (ЕО) шығуына қатысты мәселені талқылайтын екі күндік саммит басталады. ЕО елдері басшылары мен премьерлері қатысатын жиын Ұлыбританияның ЕО-дан шығу салдарын талқылайтын алғашқы ресми жиын болмақ.

Саммиттің күн тәртібінде бұдан өзге де проблемалар - миграциялық дағдарыс, экономикалық өсім және ЕО-ның сыртқы саяси қатынастар мәселелер бар. Ресейге қарсы экономикалық санкциялар күн тәртібінде жоқ болғанымен, ол мәселе ЕО-ның сыртқы саяси стратегиясын талқылау кезінде көтерілуі мүмкін.

Кеше Берлинде кездескен Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд және Италия премьері Маттео Ренци Еуропаның "біртұтас болып қалатыны" туралы бірлескен мәлімдеме жасаған. Олар ЕО-ны құру туралы Лиссабон келісімінің одақ құрамынан шығу туралы 50-бабынан тыс Ұлыбританиямен ешқандай бейресми келіссөз болмайтынын айтқан. Ұлыбританияның отставкаға кетіп жатқан премьер-министрі Дэвид Кэмерон одақтан шығу туралы өзінен кейінгі премьер-министр ресми жариялайтынын бірнеше рет айтқан.

Кэмерон 28 маусымда ЕО-ның 27 елі басшыларымен кездесу үшін Брюссельге барады. 29 маусымда ЕО басшылары кездесуді Кэмеронның қатысуынсыз өткізеді. Ренци саммит одақтан Ұлыбританияның шығуына ғана емес, еуропалық жобаны "қайта бастау" мәселесіне арналуы тиіс дейді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри 27 маусымда ЕО-ны Ұлыбританиядан "кек алу әрекеттерінен" сақтануды ескертіп, "жауапты, сезімтал түрде" және стратегиялық дәлдікпен әрекет етуге шақырған.