Стамбулда Ататүрік әуежайындағы жарылыстардан 36 адам мерт болды

Стамбулдың Ататүрік әуежайында болған жарылыс орнында жүрген құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері. Түркия, 28 маусым 2016 жыл.

Түркияның Стамбул қаласындағы Ататұрік әуежайында болған жарылыстан кем дегенде 36 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Түркия билігі өкілдерінің хабарлауынша, 28 маусым күні кешке жанкешті үш адам әуежайға таксимен жетіп, әуежайға кіреберістегі бақылау-өткізу бекеті маңында полициямен атысқан. Бұдан соң шабуыл жасаған үшеуі өздерін жарып жіберген.

Шабуылдаушының бірі терминалдағы адамдарға автоматтан жаппай оқ атып, сосын өзін жарған. Түркия әділет министрі Бекир Бозаг әуежайдағы метро станциясына жақын жерде де жарылыс болғанын айтады.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым шабуыл мен жарылыстар белгілері наурыз айында Брюссельде болған терактілерге ұқсас болғандықтан бұл шабуылдарды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының ұйымдастырған болуы мүмкін дейді.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған шабуылдан "кінәсіз бейбіт тұрғындар" құрбан болғанын айтып, терактіні айыптады. Ол мұндай "жиіркенішті" шабуыл әлемнің кез-келген әуежайында болуы мүмкін екенін айтады. "Біз әлемдік қауымдастықты, әсіресе Батыс елдерін терроризмге батыл қарсы тұруға шақырамыз" деп мәлімдеді Ердоған.

Куәгерлердің айтуынша, әуежайда болған күшті үш жарылыстан ғимарат тітіреп, ол жолаушылар арасында дүрбелең туып, әуежай шатырының майысуына әкеп соқтырған. Арасында полицейлері бар - жиыны 147 адам жараланып, олар жергілікті ауруханаларға жеткізілген. Түрік билігі әуежайды эвакуациялағанда жүздеген адам бір-бірін басып кетердей дүрліккен.

Барлық ұшып келетін ұшақтар жақын әуежайларға жіберіліп, ұшып кететін ұшақтар рейсі тоқтатылып, жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 3-те әуежай жұмысын қайта қалғастырған.

АҚШ Стамбулға ұшатын және ұшып келетін рейстерді тоқтатты. БҰҰ, АҚШ, Германия және басқа да елдер шабуылдарды қатаң айыптады.