Қарағанды облысында "қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолданып террористік әрекет жасамақ болды" делінген топ ұсталды.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) хабарлауынша, оқиға 26 маусымда болған. Олардың бірі ұстау кезінде өзін-өзі жарып жіберген. Басқа құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бұл топ Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында және Гүлшат елді мекенінде қолға түскен. Гүлшаттағы "радикалды топты" ұстау барысында олардың бірі өзін-өзі жарып, жарақаты салдарынан өлген.
«Топтың басқа мүшелері ұсталды. Жарылғыш құрылғыcының бөлшектері, атыс қаруы және өзге де заттай айғақтар тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу іс-шаралары жалғасуда» делінген ҰҚК таратқан баспасөз хабарламасында.
Топ мүшелерінің саны қанша болғаны әзірге айтылмайды.