Тәжікстанда шенеуніктер мен кәсіпкерлер мұсылмандардың Рамазан айы аяқталып, ораза айты мерекесіне орай қайыр-садақа таратып, ол туралы есеп беруге міндеттелді. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, Тәжікстан президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша шенеуніктердің, имамдар мен кәсіпкерлердің Рамазан айында зекет беруін бақылау дін істері және дәстүр мен ғұрыпты реттеу комитетіне тапсырылған.
Президент әкімшілігінің жетекшісі, президент Эмомали Рахмонның қызы Озода Рахмонның қайыр-садақа беру туралы тапсырмасы 29 маусымда облыс, қала, аудан басшылары мен имамдарға және кәсіпкерлерге жіберілген. Тапсырма бойынша, шенеуніктер, мешіт имамдары мен кәсіпкерлер президент әкімшілігіне өз отбасы мүшелерінің тізімі мен берген мерекелік қайыр-садақасының сомасы туралы есеп беруі тиіс.
Тәжікстанда Рамазан айының аяқталған соң мерекеленетін ораза айт биыл 6 шілдеге түседі. Азаттықтың Тәжік редакциясының мәліметінше, Тәжікстанда 18 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер мен төрт мыңнан астам имам бар.