Астанада Жер комиссиясының отырысы өтті

Жер комиссиясының отырысы. Астана, 9 шілде 2016 жыл.

Астанада Жер комиссиясының отырысы өтіп жатыр. Комиссияның 72 мүшесі бар. Алайда бұл отырысқа соның 70 пайызы, 50 шақты адам қатысып отыр.

Жер комиссиясының төрағасы Асқар Мырзахметов отырысты "Жер реформасына қатысты заңды талқылау" екенін ескертіп бастады. Мұнан кейін отырысқа келген қоғамдық белсенділер сөз алды. Жер комиссиясы отырысынан Азаттық тікелей трансляция берді. Оның видеосын Facebook парақшасынан көре аласыз.

Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында «жер мәселесіне» қатысты өткен алғашқы ірі шеруден кейін Қазақстанның өзге де бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өтті. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған еді.