Шығыс Украинадағы қарулы жанжал салдарынан бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны көбейіп бара жатыр. Маусым айында жанжал аймағында 12 адам мерт болып, 57 адам жараланған. Бір айдың ішінде мұншама көп адамның қаза тауып, зардап шегуі 2015 жылдың тамызынан бері тіркелмеген.
БҰҰ мәліметі бойынша, Донбаста жанжал басталған 2014 жылдың көктемінен бері 9740 адам өлген, олардың екі мыңға жуығы – бейбіт тұрғындар.
Қаза тапқандар арасында Минск келісімі бойынша қолдануға тыйым салынған артиллериялық қарулардан атқылау кезінде мерт болғандар көп.
БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру жөніндегі басқармасы жағдайдың «нашарлай түсу үрдісі» байқалып отырғанын айтады. Жанжалға қатысушы тараптардың әрқайсысы буферлік аймақтағы территорияны басып қалуға тырысып, позицияларын ауыстырып, бір-біріне жақындай түскен делінген БҰҰ баяндамасында.
Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдері де Донбаста ахуалдың нашарлап бара жатқаны туралы соңғы айларда бірнеше рет ескерткен.