Есентаевтың ісі процессуалды келісімге жіберілді

Бард әнші Жанат Есентаев.

Орал қалалық сотының судьясы Руслан Жұмағұлов бард-әнші, белсенді Жанат Есентаевтың қылмыстық ісін Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасына жаңа процессуалды келісім жасауға жіберді.

Судья Есентаев жаңа процессуальды келісім шарттарымен келіспесе іс қайта сотқа түсетінін ескертті.

Есентаевтың адвокаттарының бірі Лариса Симоненко Азаттық тілшісіне прокуратура мұндай өтініштерді бір аптада қарайтынын айтты.

Оралдағы Есентаевтың сотына оның туысқандары мен достары келді. Судья аудио жазуға, фото және видео түсіруге рұқсат берген жоқ.

Оралдық белсенді Жанат Есентаев «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» деген айыппен екі айға қамалған.

Оған «Facebook парақшасында азаматтардың ұлттық қадір-қасиетін қорлап, араздық тудыратын жазбалар жариялаған» деген де айып тағылған.

30 маусымда Есентаев тергеумен процессуальды келісім жасап, тағылған айыптарды мойындаған. Ал 9 шілдеде интернетте жарияланған хатында белсенді "ағайын орыс халқынан" кешірім сұрап, өзінің әлеуметтік желілердегі жазбаларын "эмоция" деп атаған.