ІІМ: Азаптау туралы 300 шағымның көпшілігі жалған

Ішкі істер министрінің тергеу ісі бойынша орынбасары Рашид Жақыпов. Астана, 15 шілде 2016 жыл.

Қазақстанда тұтқындарды азаптау туралы 300 шағымның 4-еуі ғана сотқа жетті деп хабарлады ішкі істер министрінің тергеу ісі бойынша орынбасары Рашид Жақыпов Азаттыққа.

Астанада өтіп жатқан қылмыстық-атқару мекемелеріндегі азаптауға қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында сөйлеген Жақыповқа Азаттық тілшісі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптауға қатысты шағымдар бойынша жауапқа тартылу фактісі неге азын сұраған. Жақыпов өз ойынша бұған екі себеп барын айтты.

- Қазір Қазақстан заңдары бойынша азаптау туралы шағымдар бойынша қылмыстық тергеуді арнайы прокурорлар департаменті жүргізеді. Азаптауға қатысты 300 шағым түскен, олардың 4-еуі ғана сотқа жеткен. Сондықтан мен арнайы прокурордың жұмысы нашар дегенмен келіспеймін. Бұл мәселенің өзге қыры бар. Ол - жалған шағым беру. Яғни, шағым қылмысы үшін жауапқа тартылудан жалтару мақсатында өзін азаптағаны туралы жалған шағым беру жайттары кездеседі. Сондықтан арнайы прокурордың тергеуіне күмән келтіре алмаймыз. Таяуда ғана арнайы прокурорлар департаментінің бастығы тексерілген шағымдардың 70 пайызы бойынша өндіріс қылмыс құрамы жоқ болғандықтан сотқа жетпей тоқтатылғанын айтты, - деді Жақыпов.

Азаттық тілшісінің айтуынша, қоғамдық тыңдауға келген құқық қорғаушылар мен белсенділердің жиынға ұялы телефонмен кіруіне рұқсат етпеді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы кейбір жабық жазасын өтеу мекемелерін тексеру қиын екенін, тұтқындардың азаптау туралы шағымы бойынша тергеу көп ұзамай жабылатынын айтқан.