Францияда Ниццадағы терактіге қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталған. AFP агенттігінің хабарлауынша, Ниццада 14 шілдеде Бастилияның алынған күніне арналған мерекелік шараға жиналған жұртты үлкен жүк көлігімен таптап, қатты жылдамдықпен екі шақырымдай жер жүріп өткен адамның әйелі де қамауда отыр. Ол күйеуінен бөлек тұрған. Шабуылдан 84 адам қаза тауып, 200-ден астам адам зардап шеккен, олардың көпшілігі ауыр жарақат алған. Құрбан болғандардың көбі шетелдіктер деп хабарланды.
Жүк көлігімен шабуыл жасаған – тегі тунистік француз азаматы, 31 жастағы Мохамед Ляуэйж-Булэль екені анықталған. Ол оқиға орнында полициямен атыста өлген. Оның радикалды ұстанымда болғаны немесе діни экстремистермен байланысы туралы ешқандай дерек жоқ. Әзірше бұл шабуылға жауапкершілікті ешкім өзіне алған жоқ.
Францияда шілденің 15-інен бастап үш күн аза тұту жарияланған.
Бұл Францияда соңғы бір жарым жылда жасалған үшінші ең үлкен теракт болды. 2015 жылы қаңтарда Парижде жасалған бірнеше, солардың арасында Charlie Hebdo басылымы редакциясына жасалған шабуылдан 17 адам қаза тапқан. Сол жылы 13 қарашада Парижде бірнеше шабуыл мен жарылыстардан 130 адам мерт болған. Былтырғы қарашадан бері елде күшінде болған төтенше жағдайдың мерзімі тағы үш айға созылады деп жариялады ел президенті Франсуа Олланд.