Павлодар облысында сібір жарасын жұқтырған деген диагноз қойылған үш науқастың бірі – 51 жастағы ер адам бүгін таңертеңгі сағат алты жарым шамасында облыстық ауруханада қайтыс болған.
Ертіс ауданы Ұзынсу ауылында тұрған бұл адам шілденің 8-і күні облыстық жұқпалы дерт ауруханасына жатқызылған. Содан бері науқас жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан деп хабарлады дәрігерлер.
– Кеше ол өзін жақсы сезінген еді. Түнде жағдайы нашарлап кетті. Дем жетпей, тұншыға бастады, - дейді Павлодар облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Гүлмира Құлмағамбетова.
Жұқпалы дерт ауруханасында сібір жарасын жұқтырғаны анықталған екі адам жатыр. Олардың жағдайын дәрігерлер орташа ауыр дәрежеде деп бағалаған.
8 шілдеде 500 адам тұратын Ұзынсуда үш адам сібір жарасын жұқтырған деген күдікке ілінген соң, ауылда сойылған ауру сиырдың етін тексеріліп, одан сібір жарасы талшықтары табылған. 11 шілдеде елді мекенде карантин жарияланып, Ұзынсуға кірер жолға тексеру пункті орналастырылды. Дәрігерлер науқастармен байланыста болған 92 адамды анықтап, олардың 25-ін аудандық ауруханаға жатқызып, тексерген. Олардан қауіпті дерттің белгілері табылмағандықтан, кейін бәрі үйлеріне жіберілген.