ЕО Түркияда бүліктен соңғы жаппай қудалауға алаңдайды

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини

Еуропа Одағы Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне күдікті мыңдаған адамның қамалып, я жұмыстан босатылуына алаңдап, Анкараны адам құқығы мен заң үстемдігін құрметтеуге шақырды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 21 шілдеде елде билікті күшейтіп, тәртіп орнату үшін үш ай мерзімге төтенше жағдай жариялаған. Елде бүлікке қатысты я жақтады деген күдікпен мектеп, университет, полиция, әскери бөлімдер мен сот жүйесінен 60 мыңға тарта қызметкер босатылған.

"Біз оқиғаның дамуын жіті және алаңдаушылықпен бақылап отырмыз" делінген ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини мен сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссары Йоханнес Ханның 22 шілдедегі бірлесе жасаған мәлімдемесінде.

Олар әсіресе оқытушылардың, судьялар мен журналистердің қудалануына "жол беруге болмайды" деп атады. ЕО басшылары Түркия "заң, адам құқығы мен оның фундаменталдық еркіндіктерін, оның ішінде барлық азаматтың сотқа әділ түрде тартылу құқығын" құрметтеуі тиіс дейді.

Бұған дейін АҚШ вице-президенті Джо Байден Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырымды телефонмен сөйлескенінде "бүлікке күдіктілерді тергеуді халықтың демократиялық институттар мен заң үстемдігіне деген сенімін қайта қалпына келтіретіндей етіп жүргізуге" шақырған.