Ақтөбе қаласының 2-соты маусымдағы шабуылға байланысты іздеуде болған үш адамды жасырған деген күдікке ілінген жергілікті тұрғын Мирлан Ердауовты қыркүйектің 20-сына дейін қамауға алуға санкция берген. Бұл туралы «Интерфакс-Казахстан» хабарлады.
Сот материалдары бойынша, 22 жастағы Ердауов Ақтөбеде 5 маусымдағы қарулы шабуылдарға байланысты іздеу жарияланған Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Нұрлан Сейіловтер жасырынған пәтерді оларға тауып берген деген күдікке ілініп отыр.
2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкеніне және ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан 7 адам (үшеуі - әскери) қаза тапқан. Бірнеше күнге жалғасқан арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, тағы бірнеше адамның ұсталғаны хабарланған.