Орталық - Шығыс автожолын салатын жұмысшылар жалақысын талап етті

Құрылысы тоқтап тұрған Орталық - Шығыс автожолында тұрған жұмысшылар. Павлодар облысы, 26 шілде 2016 жыл.

Павлодар облысында Орталық-Шығыс автожолын салып жатқан жұмысшылар жалақыларын тьөлеуді талап етеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жұмысшылардың айтуынша, 450 адамның жалақы алмағанына үш ай болған. Қызылорда - Павлодар - Успенка - Ресей шекарасы жолының 25 километрге созылатын бөлігіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстары толық тоқтап қалған. Жұмысшылардың көпшілігі тарқап, қалғандары жалақысын күтіп вагондарда тұрып жатыр.

- Барлық жұмысшыда отбасы, несиесі бар, балаларын мектепке даярлау керек. Павлодарда құрылыс мерзімі қысқа, жұмыс тоқтап тұрғанына бір жарым ай болды. Я жұмысты жалғастыра алмай, я жалақы ала алмай отырмыз, - дейді Азаттыққа механик Николай Лаптев.

Орталық - Шығыс автожолын салып жатқан жұмысшы Николай Лаптев. Павлодар облысы, 26 шілде 2016 жыл.

Жолдың бұл бөлігіндегі жұмысты "НК ҚазАвтожол" компаниясының тапсырысымен "Автодорсервис" фирмасы атқарып жатыр. Жұмысшылардың сөзінше, фирма жетекшілері өзара соттасып жүр.

- Ақша есепшотта жатыр, бірақ ол бұғауланған. Бізге жеткен ақпар бойынша, құрылтайшылар бір-бірімен келісе алмай жатыр, ал біз бұл жағдайдан зардап шегіп отырмыз, - деді Николай Лаптев.

Жұмысшыларға келген "Автодорсервис" фирмасының өкілі Талғат Төлебаев "НК ҚазАвтожол" мердігерлермен толықтай есеп айырысқанын, жұмысшыларға жалақы төлеу мәселесі осы аптада шешілуі мүмкін екенін айтты.

- "Автодорсервистің" бас директоры мен біздің құрылтайшылардың кездесуінен жақсы хабар күтеміз,- деді Талғат Төлебаев.

Орталық - Шығыс автожолының құрылыс жүріп жатқан бөлігі. Павлодар облысы, 26 шілде 2016 жыл.

Орталық-Шығыс автожолы құрылысының жобасы 40 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша, жол Астана, Павлодар, Семей және Өскеменді жалғауы тиіс. Нысан биыл 16 желтоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.