Олимпиададан шеттетілген ресейліктер саны 100-ден асты

Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік ескек есу спорты федерациясы Ресейдің Рио Олимпиадасына қатысуы тиіс 28 спортшысының 22-сін бұрын допинг қолданғанына байланысты жарысқа жіберуден бас тартты. Федерация мәлімдемесінде 22 спортшының бір де біреуінде соңғы бес жылда допинг сынамасы оң нәтиже көрсетпегені, дегенмен олар Ресейге бұл елде допингті жаппай қолдану және оны жасыру дауына байланысты енгізілген қатаң ережелерге сай Олимпиададан шеттетілетіні айтылған.

Қазірге Олимпиададан Ресей олимпиада құрамасындағы 387 спортшының 100-ден астамы шеттетілген. Алдағы күндері басқа да апелляцияларға қатысты шешім жарияланатындықтан бұл сан артуы мүмкін. Олимпиададан шеттетілгендердің 67-сі - жеңіл атлеттер. 26 шілдеде Халықаралық каноэ және бессайыс спорты федерациясы да жеті ресейлікті жарыстан шығаратынын жариялаған. Олардың арасында бір олимпиада чемпионы бар. Бірнеше суда жүзушіге де қатысты осындай шешім шыққан.

24 шілдеде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ресейлік спортшылардың барлығына бірдей жарысқа қатысуына тыйым салуға қарсы шығып, бұл мәселені әр спорт федерациясы мен ассоциациясы жеке шешсін деген. Бірақ ХОК бұрын допинг дауына ұшыраған спортшылар жарыстан шеттетілсін деген қатаң ережесін шығарған.