Трамп Ресейді Клинтонның хаттарын табуға шақырды

Дональд Трамп.

АҚШ президенттігіне Республикашыл партия кандидаты Дональд Трамп Ресейді Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон мемлекеттік хатшы болып тұрғанында қолданған жеке серверіндегі 30 мың электрондық хатты табуға шақырды. Клинтонның сайлауалды штабы дереу Трампты оның бұл мәлімдемесі АҚШ-қа қарсы тыңшылық пен Мәскеудің елдің ішкі ісіне араласуына жол ашады деп айыптады.

27 шілдеде Майямиде сөйлеген Трамп "Ресей, егер тыңдап тұрсаң, сен жоғалған хаттарды таба аласың деген үміттемін" деді. Бұдан бұрын АҚШ президенті Барак Обама өткен аптада Демократиялық партияның ішкі электрондық хаттарының көпшілікке жарияланып кетуіне Ресейдің шынымен қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Мәскеу бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарады. Трамп Ресейдің немесе өзге бір елдің АҚШ-тағы сайлау бәсекесіне ықтимал килігуін айыптаудан бірнеше рет бас тартқан. Ол "Егер Ресей, Қытай немесе басқа кез-келген мемлекет ол хаттарды тапқан болса, онда оны көргім келеді" деген.

Демократтар Трампты Ресей президенті Владимир Путинмен жақын байланыс ұстайды деп айыптайды.