Ереванда қарулы топ қолындағы ғимарат маңында полиция офицері мерт болған

Қарулы топ басып алған полиция ғимараты. Ереван, 29 шілде 2016 жыл.

Ереванда қарулы топ басып алған полиция ғимаратынан атылған мерген оғынан полиция офицері қаза тапқан. Бұл туралы бүгін Армения полициясының баспасөз хатшысы Ашот Агаронян Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлаған.

«Патрульдік полиция полкінен (қарулы топ басып алған – ред.) 350-400 метрдей қашықтықта көлікте отырған ішкі әскер қызметкері, 1986 жылы туған Юра Тепаносян қаза тапты», - деп хабарлады Ашот Агаронян.

Азаттықтың Армян қызметінің (Азатутюн радиосы) хабарлауынша, полиция қоршап тұрған жерге полицияның бірнеше беренді көлігі кірген.

Бұған дейін Армения ұлттық қауіпсіздік қызметі қарулы топқа өз еркімен берілуіне жергілікті уақытпен сағат 17-ге дейін мұрсат берген.

Шілденің 17-сі күні Армения астанасында Эребуни ауданындағы патрульдік полиция полкінің аймағын басып алған қарулы адамдар полицияның бір офицерін өлтіріп, бірнешеуін кепілге алған. Өздерін «Сасна црер» қозғалысы мүшелеріміз деп таныстырған қарулы топ «заңсыз қару сақтаған» деген айыппен 20 маусымда қамауға алынған оппозициялық саясаткер Жирайр Сефилянды түрмеден босатуды талап еткен. Қарулы топ мүшелерінің көпшілігі 1990 жылдардың басында Таулы Қарабақтағы қарулы жанжалға қатысқандар.