Ереванда полиция полкін басып алған қарулы топтың қалған мүшелері қаруын тастап, берілді. Билікпен екі аптаға созылған текетіресте екі полиция қызметкері қаза тапқан. "Армян құқық қорғау органдары тиянақты және үйлесімді іс-қимыл жасауының арқасында қарулы топ мүшелерін билікке берілуге мәжбүр етті. 20 террорист ұсталды" делінген Армения ұлттық қауіпсіәздік қызметінің ресми мәлімдемесінде.
Ұлттық қауіпсіздік қызметі топ жетекшісі Варужан Аветисян адамдары берілуге шешім қабылдағанын жариялаған соң ғимараттың "толық босатылғанын" хабарлады. Аветисяннің сөзінше, мергендер оппозициялық радикалды "Құрылтай парламенті" қозғалысымен байланысы бар топ мүшелерін атуды тоқтатпаған соң бұдан ары қарсыласудың мәні жоқ.
Шілденің 17-сі күні Армения астанасында Эребуни ауданындағы патрульдік полиция полкінің аймағын басып алған қарулы адамдар полицияның бір офицерін өлтіріп, бірнешеуін кепілге алған. Кейін кепілдегілердің бәрін босатқан. Өздерін «Сасна црер» қозғалысы мүшелеріміз деп таныстырған қарулы топ «заңсыз қару сақтаған» деген айыппен 20 маусымда қамауға алынған оппозициялық саясаткер Жирайр Сефилянды түрмеден босатуды талап еткен.