Ресей денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова сібір жарасы індетінің Ямал-Ненецкий автономиялық округі территориясынан тысқары тарау қаупі жоғын мәлімдеді. Округте бұл індеттен бір адам қайтыс болып, 20 адамға оны жұқтырды деген диагноз қойылған. Скворцованың сөзінше, індет "бақылауда тұр" және билік жағдай таяуда қалпына келіп, індет таралуы баяулайды деп үміттенеді.
Сібірдің солтүстік-батысында бұл індеттен 12-жастағы бала қайтыс болған. Қазір жергілікті 90 тұрғын дәрігерлер бақылауында. Скворцованың сөзінше, 80 адамға есептелген палаталық стационар орнатылған. Биліктің мәліметінше, індеттің таралуына температураның шектен тыс көтерілуі себеп болған. Мұның салдарынан соңғы күндері 2 мың 300-ден астам бұғы қырылған. Аймақ билігінің мәліметінше, қазір барлық малға екпе жасалып, мал шығыны тоқтаған.