Қазақстан президенті Нұрсұлтан назарбаев бүгін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдап, елдің қаржы нарығындағы жағдайды талқылады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Ақышев Назарбаевқа теңгенің долларға шаққандағы бағамының төмендеуін "қалыпты жайт" деп атады.
Кездесуде Ақышев Назарбаевқа Қазақстанның қор нарығындағы жағдай, қаржы-несие саясатының басты бағыттары туралы баяндаған.
"Биылғы алты айда мұнай баррелінің бағасы 27 доллардан 52 долларға дейін көтерілді. Бірақ шілдеде мұнай бағасы 15 пайызға - 52 доллардан 42 долларға арзандады. Шикізат экспорттайтын барлық дамушы елдерде осындай жағдай болды. Қазақстандағыдай олардың да ұлттық валюталарының бағамы нығайып, кейін 2-3 пайызға қайта арзандады. Теңге бағамы шілдеде 4,2 пайызға арзандады" деген Ақышев. Ұлттық банк басшысы теңге бағамының бұлай арзандауын "қалыпты нәрсе" деп, қазір жағдай тұрақтанғанын айтқан. Оның сөзінше, "теңге бағамы бұдан ары әлдебір себеппен құбылады деуге негіз жоқ" және "теңге бағамының еркні айналымда болуы ішкі экономикалық тұрақтылыққа еш қауіп төндірмейді".
Назарбаев теңге бағамын еркін айналымға жіберудің дұрыс болғанын айтқан. "Бірақ қазір теңге бағамында сәл өзгеріс болды, халыққа мұның себептерін түсіндіру керек" деген Назарбаев.
Қазақстанда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы шілденің 20-сынан кейін төмендей бастаған. Шілденің ортасында 340 теңге көлемінде болып тұрған доллар шілденің соңына қарай 360 теңгеге дейін жетіп қалған. Қазақстан қор биржасында бүгін күндізгі сауда сессиясында доллар бағамы 354 теңге 01 тиынды құрады.