Иранда оннан астам күрд содырына өлім жазасы орындалған

Көрнекі сурет.

Құқық қорғау ұйымдары Иранда қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасады деген айыппен исламшыл 20 күрдке өлім жазасы орындалғанын айыптады. Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі "Таухид" және "Джихад" топтарының мүшелері делінген адамдардың 2 тамызда дарға асылғанын хабарлаған. Агенттік өлім жазасы орындалғандардың нақты санын айтпайды.

Құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, 10-нан 20-ға дейін адам дарға асылған. IRNA агенттігі олар Иранның батысында сүнниттік екі діндар мен табиғатты қорғау ведомствосы қызметкерлерін өлтірді, адамдарды ұрлап, қарақшылық шабуыл жасады, тонаумен айналысты деп айыпталған дейді.

Иранның мемлекеттік телеарнасы топ мүшелерінің "кінәларын мойындағаны" туралы видео көрсетті.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының мәліметінше, кем дегенде 10 тұтқынға өлім жазасы орындалған. Иранның International Campaign for Human Rights in Iran (ICHRI) ұйымы 20 тұтқын дарға асылғанын хабарлады. ICHRI сонымен қатар Иран Жоғарғы соты айыпталушылардың бірінің апелляциялық шағымын онда кінәсін азаптап мойындатқаны туралы айтылса да қабылдамағанын хабарлайды.

Иран халқының шамамен 10 пайызын (7 миллион) күрдтер құрайды. Олар негізінен Күрдістан провинциясы мен Иранның солтүстік-батысындағы өзге провинцияларда тұрады. Күрдтердің көпшілігі өздері тұратын аймақтарға ерекше мәртебе берілуіне қол жеткізгісі келеді. Соңғы бірнеше айда бұл аймақтарда күрд жасақтары мен үкіметтің қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс жиілеген.