Тәжікстанда өткен жылы күзде президент Эмомали Рахмон билігін құлатпақ болған бүлікке қатысы бар деген айыппен 170 адам сотталды деп хабарлады осы елдің бас прокуроры Юсуф Рахмон. Оның сөзінше, 170 адам "кісі өлтіру", "қылмыстық топ құрамында болу" деген сияқты бірнеше айып тағылып, бір жылдан 30 жылға дейінгі мерзімге сотталған.
Тәжікстан билігі бүлікті елдің бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Абдухалим Назарзода ұйымдастырды деп санайды. Абдухалим мен оның 15 жақтасы 2015 жылы қыркүйектегі бүліктен кейін жүргізілген арнайы операция барысында көзі жойылған. Бүлік басылған соң билік Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясын (ТИҚП) Назарзоданы қолдады деп айыптап, қызметіне тыйым салған.
ТИҚП жетекшісі, шетелде жүрген Мухиддин Кабири партиясының бүлікке қатысы барын жоққа шығарады.