Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Маракана стадионында 31-жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Төрт сағатқа жалғасқан ашылу салтанатындағы қойылымда жерде тіршіліктің бастау алған сәтін, Бразилия мәдениетін және Риодағы кедей халық тұратын фавелалардағы өмірді бейнелейтін көріністер көрсетілді. Ғаламдық жылыну мәселесі де қойылымға арқау болды.
Олимпиада алауын Афин олимпиадасының қола жүлдегері, марафоншы Вандерлей де Лима тұтатты.
Қойылымдардан кейін олимпиадаға қатысатын 205 елдің спортшыларының шеруі өтті. Олимпиадаға 104 спортшы апарған Қазақстанның мемлекеттік туын құраманың мүшесі, таэквондошы Руслан Жапаров ұстап шықты. Салтанатты шеруге босқындар құрамасы мен тәуелсіз спортшылар да қатысты.
Ашылу салтанатына Халықаралық олимпиада комитеті президенті Томас Бах, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, Бразилия президентінің міндетін атқарушы Мишел Темер және 40 астам елдің президенттері қатысты.
Олимпиада ұйымдастыру комитетінің дерегінше, ашылу салтанатын әлем бойынша 3 миллиардқа жуық адам тамашалаған.
Ашылу салтанаты басталатын күні Рионың бірнеше жерінде олимпиаданың өтуіне қарсы шаралар мен митингтер өткен.
Олимпиадалық ойындар 21 тамызда аяқталады.
Рио олимпиадасының ашылу салтанаты туралы фотогалерея: