Бішкек: Сирияға кетпек болған екі қырғызстандық қамалды

Алепподағы соғыс қимылдары, Сирия (Көрнекі сурет).

Қырғызстан билігі Сирияға экстремистік топтар қатарына қосылу үшін кетпек болған деген күдікпен екі қырғыз азаматының қамалғанын хабарлады. Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті күдіктілер биыл шілдеде ел аумағынан тысқары жерде ұсталғанын жариялағанымен, нақты қай жерде ұсталғанын айтпады.

Ресми мәлімет бойынша, күдіктілер шілденің басында Қырғызстаннан Сириядағы үкімет күштеріне қарсы соғыстарға қатысу үшін ұшып кеткен. Бұл факт бойынша "жалдамалы болу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандар 30 шілдеде Қырғызстанған жеткізіліп, қамалған.

Бішкек Сирия мен Иракта "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы қатарында 500-ге тарта қырғызстандық соғысып жүр дейді. Қырғызстан ішкі істер министрлігі терроризммен күрес басқармасының мәліметінше, аталған елдерде 30-ға тарта қырғыз азаматы мерт болып, 40-ы отанына оралған.