Америкалық Майкл Фелпс – 23 дүркін олимпиада чемпионы

АҚШ спортшысы Майкл Фелпстің суға жүзуден Рио олимпиадасының кезекті алтын медалін алған сәті. 13 тамыз 2016 жыл.

Америкалық әйгілі спортшы Майкл Фелпс суға жүзуден кезекті – 23-ші рет олимпиада алтынын жеңіп алды. Бұл жолы ол АҚШ командасы қатарында 4х100 метрге құрамдастырылған эстафеталық жарыста жаңа олимпиадалық рекордпен (3:27,95 минут) жеңіске жеткен.

Екінші орынды Ұлыбритания спортшылары, үшінші орынды – Австралия құрамасы алған.

Осылайша Майкл Фелпс Рио олимпиадасын бес алтын, бір күміс жүлдемен аяқтады. Әлемдік спорт пен олимпиада ойындары тарихында ең көп жүлде (23 алтын, 3 күміс және 2 қола) иеленген 31 жастағы Фелпс бұған дейін Рио олимпиадасынан соң үлкен спорттан кетпек ойы барын мәлімдеген болатын.