Ресей Халықаралық паралимпиада комитетінің шешіміне шағымданды

Ресей паралимпиада спортшылары жаттығу залында (Көрнекі сурет).

Ресей Паралимпиада комитеті Рио-де-Жанейрода 7-18 қыркүйек аралығында өтетін паралимпиададан ресейлік спортшыларды шеттетіп тастаған Халықаралық паралимпиада комитетінің (ХПК) шешіміне шағымданды. 15 тамызда Ресей Паралимпиада комитеті Спорттық арбитраждық сотына жүгінгенін және сот тыңдауы 21 тамызға белгіленгенін мәлімдеді. Арбитраж сотының шешімі 22 тамызда шығуы мүмкін.

Осы айдың басында ХПК 270-ке жуық спортшысы бар Ресей құрамасын ойыннан түгел шеттетіп тастаған. Бұған Ресейдегі жаппай допинг қолдану дауы себеп болған.

ХПК президенті Филип Кравен Ресей құрамасы "бұзылған жүйенің" бір бөлігі болғанын және допинг пайдаланғандарды қолдағанын айтады.

Халықаралық допингке қарсы агенттік баяндамасынан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті Риодағы Олимпиададан Ресей құрамасының 100-ге жуық атлетін ойыннан шеттеткен болатын. Агенттік Ресейді елдегі допингке қарсы бас құзырлы органдар спортшылардың жүйелі түрде допинг пайдаланып келгенін қолдаған деп айыптаған.