АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джеффри Пайэтт Украина соңғы жылдары бірқатар үлкен дағдарыстардан аман шыққандықтан елдің шығысындағы қарулы қақтығыс және коррупциямен байланысты қиыншылықтарды, қаржылық қиындықтарды еңсере алады деп мәлімдеді. Бұл туралы ол 17 тамызда Азаттыққа берген сұхбатында айтты.
"Мен 2014 жылғы проблемалар - Ресейдің Қырымды басып алуы, Майдандағы оқ ату, украин валютасы - гривеннің құлдырап, елдің қаржылық жүйесінің дағдарысын аман өткерген Украина басқа кез-келген қиындықты еңсере алады деп ойлаймын" деді Пайэтт.
Таяуда Украинадағы елші қызметін аяқтайтын Пайэтт Украина үшін 2014 жыл мен одан кейінгі жылдар Совет одағы ыдырағаннан бергі "ең ауыр кезең" болды деп санайтынын білдірді. Оның сөзінше, АҚШ "Украина халқының өз демократиясын тағы да өз бақылауына алуында үлкен рөл атқарғанын" айтты.
"Мен Украина үкіметі мен президентінің коррупция дертіне қарсы жедел әрекет ете алмағанына өкінемін" деді Пайэтт.
Ол коррупциямен күрес "Украина мен украин халқының алдында әлі тұрған ең үлкен міндеттердің бірі" екенін айтты.
52 жастағы Джеффри Пайэтт Украинаның коррупциямен күресу үшін жаңадан құрылған институттары - Ұлттық коррупцияға қарсы бюро мен коррупцияға қарсы арнайы прокуратураны мақтады.
Елші коррупцияның алдын алудағы қиын жұмыс - қоғамдағы көзқарасты өзгерту "25 жыл бұрын басталуы тиіс болғанын" және өзінің "сәл ертерек бұл мәселеде бұдан да белсенді рөл атқарған болар ма едім" деп өкінетінін айтты.
Джеффри Пайэтт Украинада 2013 жылдан бері елші болған. Ол ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен кетірген Еуромайдан шеруін белсенді түрде қолдаған.
Пайэтт таяуда АҚШ-тың Грекиядағы елшісі қызметіне кіріседі.