Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы қазақстандық ауыр атлеттердің "допинг қолданғаны әлі күнге дәлелденбегенін" мәлімдеді. Кеше Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Тамаш Аянның Рио Олимпиадасы аяқталған соң IWF Қазақстан, Ресей және Беларусь ауыр атлетика федерациясын жарыстан бір жылға шеттетінінін мәлімдегені хабарланған.
"Пекин мен Лондон Олимпиадаларындағы сынамаларын қайта тексеру нәтижесінде үш немесе одан да көп спортшысынан допинг табылған елдерді жарыстан шеттету шешімі биыл маусымда Халықаралық ауыр атлетика федерациясының атқару комитетінің отырысында қабылданған. Бірақ ол әлі заңды күшіне енген жоқ. Заңдық тұрғыдан жағдай бұрынғыдан өзгерген жоқ" деген Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин ҚазАқпаратқа.
Оның сөзінше, алда әлі бірнеше қайта тексерулер болады және допинг дауына қалған елдер мен спортшылар саны артады.
"Бұл жерде біздің бұған дейін сынамалары оң нәтиже көрсеткен атлеттеріміздің кінәсі әлі дәлелденген жоқ. Осыған байланысты ешкім жарыстан шеттетілмейді. Біз жағдайды бақылап отырамыз және әрбір заңдық тұрғыдағы іс-қимылдарымыз жайлы хабарлаймыз" деген Мүстафин.
Маусымда IWF қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннен 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында алған допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткенін мәлімдеген.
Бұған дейін IWF Ильиннің 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алынған сынамасынан допинг табылғанын хабарлаған. Сонымен қатар Лондонда алтын алған қазақстандық ауыр атлеттер Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Мая Манезаның сынамаларынан да допинг белгілері табылған.