Балуан Ларионова Рио олимпиадасында қола алды

Екатерина Ларионова Рио олимпиадасындағы жеңісіне қуанып жүр. 18 тамыз 2016 жыл.

Әйелдер күресінен 63 килограмм салмақта белдескен 22 жастағы қазақстандық балуан Екатерина Ларионова Рио олимпиадасының қола медалін алды.

Ол бірінші айналымда Беларусь балуаны Мария Мамашуктен жеңіліп қалған. Бірақ Мамашук финалға шықты да, Ларионова жұбаныш кездесулері арқылы қолаға таласуға мүмкіндік алды.

Ларионова қола үшін өткен алғашқы кездесуде Хенна Йохансенді (Швеция) 4:1 есебімен жеңді. Одан кейін 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожкованы (АҚШ) жауырынын жерге таза тигізіп, белдесуді уақытынан бұрын аяқтады.

Бұл - Қазақстан әйелдер құрамасының Риодағы екінші медалі. Бұған дейін 69 килограмда Эльмира Сыздықова қола алған.