«ЛХР» басшысы тұтқын айырбастауды Савченкомен талқылауға дайын екенін айтты

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер басшысы Игорь Плотницкий.

Шығыс Украинада өзін-өзі жариялап алған «Луганск халық республикасының» («ЛХР») басшысы Игорь Плотницкий сенбі күні, егер Киев Украина Жоғарғы Радасының депутаты Надежда Савченкоға тиісті өкілеттік беретін болса, онда тұтқын айырбастау мәселесін Савченкомен талқылауға дайын екенін мәлімдеген. Бұл туралы «Новости-Украина» агенттігі хабарлады.

Плотницкий Савченкомен жеке тұлға ретінде сөйлесуден бас тартып, барлық жалпы мәселелер «бұған дейін Минск келісімдерінде баяндалып қойған» деген уәж айтқан. Украина билігі әзірше Плотницкийдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Шілде айында Надежда Савченко Украинаның шығысындағы өзін-өзі жариялап алған «халық республикалары» өкілдерімен тікелей келіссөздер өткізуге шақырып, сепаратистер жетекшілерімен сөйлесу үшін олардың бақылауындағы аймаққа баруға дайын екенін мәлімдеген.

Бұл мәселеге қатысты Савченконың ұстанымы сынға ілігіп, кейбіреулер оны «Ресейдің мүддесіне қызмет етіп отыр» деп айыптаған.