ХОК Ресей құрамасының Сочи олимпиадасындағы сынамаларын қайта тексереді

Көрнекі сурет.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындары кезінде Ресей құрамасындағы спортшылардан алынған допинг сынамаларының барлығын қайта тексереді. Бұл туралы сенбі күні ХОК басшысы Томас Бах мәлімдеген.

Оның айтуынша, әрбір спортшыға қатысты дербес шешім қабылданатын болады. Комитет допинг қабылдағаны анықталған жағдайда ресейлік спортшыларға шара қолдану, келесі олимпиада ойындарынан шеттету және жүлделерді қайта бөлу мәселелері талқыланатынын айтқан. Бах егер дүниежүзілік допинге қарсы агенттіктің (WADA) тексеру қорытындысында баяндалған оқиғалар расталса, онда ХОК Ресей спорт министрлігінің ресми тұлағаларына санкция салатынын мәлімдеген.

Биыл шілде айында WADA жариялаған есепте ресейлік допинге қарсы зертханалар спортшылардың тыйым салынған препараттар қолданғанын айғақтайтын сынамаларды әдейі жасырғаны баяндалған. Спортшылардан алынған сынамалармен айла-шарғы жасауға Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) араласқаны айтылған. Рио олимпиадасы басталар алдында ХОК Ресей спортшыларын олимпиадаға қатыстыру құқығын жекелеген спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың құзырына қалдырған. Бірқатар халықаралық спорт федерациялары ресейлік кейбір спортшыларды олимпидаға қатысудан шеттеткен, бірақ ХОК комиссиясы кейбір федерациялардың ол тыйымдарын жойған.