Явлинский: Қырым мәселесін қалай да шешу керек болады

Григорий Явлинский "Лицом к событию" телебағдарламасының эфирінде Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі аясында. 22 тамыз 2016 жыл.

Ресейдің "Яблоко" партиясы саяси комитетінің төрағасы Григорий Явлинский Азаттықтың Орыс редакциясына берген сұхбатында Қырым мәселесі Ресей, Украина, АҚШ әіне Еуропаның жетекші елдері қатысатын, арнайы шақырылған халықаралық конференцияда шешілуі мүмкін деп мәлімдеді.

"Лицом к событию" деп аталатын телебағдарламада Явлинский БҰҰ Бас ассамблеясы Қырымды аннексиялап алғаннан соң өзгерген Ресей шекарасын сол күйі мойындамағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей үшін шекарасының барлық бөлігі халықаралық деңгейде мойындалғаны маңызды. Явлинский Қырым тұрғындарының Ресей және Украина тұрғындарымен құқығы тең болғанын қалайтынын айтты. Саясаткердің пікірінше, Қырым тұрғындары Еуропа Одағы елдеріне визасыз саяхаттап, жұмыс орнын еркін таңдауына, балаларын оқытуына хақылы болуы тиіс.

"Қырым мәселесін қалай болғанда да шешуге тура келеді. Мұны бір күнде істеуге болмайды. Бірақ бұл мәселеге қатысты халықаралық конференцияға қатысушылар Қырымға қатысты проблеманы шешудің "жол картасын" қабылдай алады" деді Явлинский.

"Донбастағы қақтығыстың алдын алу мүмкіндігі бар ма?" деген сұраққа Явлинский ең алдымен сепаратизмді қолдауды доғарып, кек алу мен қантөгіске жол бермейтін арнайы шараларды қабылдау қажет дейді.