Қазақстандағы украин қауымдастығы Украина елшілігінің қолдауымен Алматыда Украина тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мерекелік шаралар Тарас Шевченко ескерткішінің жанында Украинаның туын көтеріп, ескерткішке гүл қоюмен басталды.
Бұдан соң Достық үйінде Алматы қаласы мен облысындағы украин мәдени орталықтарының, Қазақстандағы украин мәдени орталығының өкілдері мен Украина елшілігі дипломаттарының мерекелік кездесуі болды.
Кездесуде Қазақстандағы кейбір этникалық украиндер Украина басшылығына Украинаның шығысында болып жатқан "ағайын халықтың бір-бірін қыратын соғысын" тоқтатуға шақырды. Украина елшілігінің гуманитарлық мәселелер бойынша бірінші хатшысы Леонид Ясинский осыған байланысты Украинада "ағайынды халықтың бір-бірін қыратын соғысы" болып жатпағанын, Украинаның басқыншылар әскерінен қорғануға мәжбүр болып отырғанын түсіндірді.
Украинада тәуелсіздік күні 1992 жылы - Украина ССР-і Жоғарғы кеңесі 1991 "Украинаның тәуелсіздігін жариялау актісін" қабылдағаны құрметіне белгіленген.