Қырғызстанда "Таза Қырғызстан" деп аталатын жаңа саяси партия құрылды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Жаңа партия жетекшісі, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы орынбасары Марат Иманқұловтың айтуынша, партия 23 тамызда ресми түрде тіркеуден өткен. Партияға негізінен бұрын арнайы қызмет органдарында, күштік құрылымдарда қызмет еткендер кірген.
Иманқұловтың сөзінше, партия "ашық демократиялық мемлекет орнату, заңдылықты сақтауды мақсат етеді. Ол партия құрамында Қырғызстанға белгілі саясаткерлердің жоғын, қазір партияға осы мақсатта пікірлес адамдарды тарту шаралары жасалып жатқанын айтты.
Қырғызстан әділет министрлігінің мәліметі бойынша, елде екі жүзден астам партия бар.