Ташкент: Қырғызстанмен шекарадағы даулы аймақ - Өзбекстанға тиесілі

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның даулы бөлігі.

Өзбекстан Қырғызстанмен арадағы даулы шекара бөлігін Өзбекстан территориясы" деп, онда ұстаған төрт қырғыз азаматын "Өзбекстанға заңсыз кірген" деп атады.

Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, ішкі істер министрлігі 25 тамызда ұсталған қырғызстандықтар қамалғанын және олардың Өзбекстан заңдары бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеген.

Өзбекстан Қырғызстанмен шекарадағы даулы аймақтағы Ункур-Тоо тауын өзінің территориясы санайды.

Қырғызстан билігі 24 тамызда Өзбекстан шенеуніктерімен Өзбекстанның Янги-Курган аудандық полиция бөлімшесінде қамауда отырған төрт қырғыз азаматын босату туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Кеше Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Өзбекстанмен арадағы шекара дауына байланысты үкіметке бұрынғы билік тұсында көрші елдермен жасалған барлық шекара келісімдерін қайта қарауды тапсырған.

Қырғыз билігі төрт азаматын 22 тамызда Ункур-Тоодан өзбек шекарашылары тікұшақпен алып кеткенін хабарлаған. Қырғыз азаматтары мұнда орналасқан Қырғыз радио және телевизия мұнарасында жұмыс істейтін.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы 1 мың километрге созылатын шекараның шамамен 300 километр бөлігі 1991 жылы Совет одағы құлағаннан бері анықталмаған, даулы күйде қалып отыр.