Иран OPEC-тің мұнай бағасын көтеру жиынына қатыспақ

Бижан Зангане, Иранның мұнай министрі

Иранның мұнай министрі Бижан Зангане Тегеранның Мұнай өндіруші елдер ұйымының (OPEC) қыркүйекте Алжирде өтетін мұнай бағасын көтеру шаралары жөніндегі жиынына қатысатынын растады. Занганенің бұл сөзі бірден мұнай бағасының аз да болса көтерілуіне әсер етті. 25 тамызда Лондон биржасында Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 62 центке көтеріліп, 49,67 долларды құрады.

Иран өзінің мұнай өндіру көлемін санкция салынғанға дейінгі күніне төрт миллион баррель өндіру деңгейіне жақындатып қалды. Иран биыл қаңтарда халықаралық санкциялар жойылған соң бірден мұнай өндіру көлемін арттыруға кіріскен.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, Иран шілдеде күніне 3,6 миллион баррель мұнай өндірген. Иран санкциялар жойылғаннан бері мұнай мен газ экспорты көлемін екі есеге арттырып, күніне 2,7 миллион баррельге жеткізгенін айтады.

Иран сәуірде мұнай өндіру көлемін санкцияға дейінгі деңгейіне жеткізе алмай тұрғанда Сауд Арабиясы мен Ресейдің өндіріс көлемін азайту туралы ұсынысынан бас тартқан еді. Бірақ сарапшылар Тегеран қазір мақсатына жетіп қалғандықтан өндірісті азайту ұсынысын қабылдауы әбден мүмкін дейді.