Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысы ауысты деп хабарлады облыстық әкімдік.
Полицияға басшы болып келген 50 жастағы полковник Махамбет Абисатов әр жылдары ішкі істер мен ҰҚК органдарында қызмет атқарған, осыған дейін Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментін басқарған.
2014 жылғы қыркүйек айынан бастап Ақтөбе полициясына жетекшілік еткен Махсудхан Аблазимов бұдан былай Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментін басқармақ.
5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.