Ақтөбеде прокуратура кәсіпкер Өндіргеновтің үкіміне қарсылық танытты

Кәсіпкер Мейіржан Өндіргеновтің бостандықта жүргендегі суреті. Ақтөбе, 12 қаңтар 2012 жыл.

Прокуратураның наразылығынан кейін ақтөбелік кәсіпкер Мейіржан Өндіргеновке қатысты үкім қайта қаралатын болды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Апелляциялық алқаның шешімі қыркүйектің 15-і күні белгілі болады. “Бюджеттің 900 млн теңгесін алаяқтықпен жымқырды» деген айыппен Ақтөбедегі «Автопарк» серіктестігінің қожайыны тамыздың 1-і күні 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Прокуратура Мейіржан Өндіргеновке шығарылған үкімді «тым жеңіл» деп санап, оған наразылық білдіріп отыр.

Тергеу Өндіргеновті Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» серіктестігі арқылы бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жымқырды деп айыптаған. Қалалық әкімдік 2009 жылғы қаңтар мен 2015 жылғы сәуір айы аралығында Өндіргеновтің меншігіндегі «Автопарк» жоқ-жітік адамдарды тегін тасымалдағаны үшін бюджеттен субсидия бөліп отырған. Тамыздың 1-і күні үкім оқылған кезде бюджеттен қолды болған қаржы көлемі 900 миллион 542 мың теңге екені айтылды. Прокурорлар шығын мөлшерінің азайтылғанымен де келіспейді.

Үкім оқылған кезде судья Ахметқали Молдағалиев "Өндіргеновтің үстінен қозғалған қылмыстық іс сапасыз жүргізілген. Айыпталушыларға аудиторлық тексерудің тағайындалғаны туралы алдын ала хабар берілмеген. Қылмыстық іске қатысты жауап алынған 30-дан астам куәгердің тек қазақ тілін меңгергендігіне қарамастан, олардан жауап орыс тілінде алынған, - деген болатын. Ал прокурорлар «тергеу барысында заңсыздықтар болған жоқ, күдіктінің де құқы бұзылмады» деп санайды. Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу кезінде куәлардың да өз ана тілінде жауап беруіне ешқандай шектеу қойылмаған.

Ақтөбе облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, кәсіпкер Мейіржан Өндіргеновті тергеу бес бап бойынша: қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы (алаяқтық), 262-бабының 1-бөлігі (ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету), 126-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (бопсалау), 181-бабы 4-бөлігінің «б» тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру), 218-бабы 3-бөлігінің 1,2,3-тармақтары (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) баптарымен айыптаған. Бірақ сот кәсіпкерді 4 айып бойынша ақтап алып, жазасын «алаяқтық» бабы бойынша өтеуге үкім етті. Прокуратура жарыссөзде Өндіргеновті 10 жылға соттауды сұраған. Прокуратура Өндіргеновке тағылған айыптардың алынып тасталғанына да наразы.

Ақтөбе облыстық мәслихатының экс-депутаты, «Емшан» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, белгілі кәсіпкер Мейіржан Өндіргенов Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылдың 1 тамызы күнгі үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сол күні осы компанияның вице-президенті Ербол Әділов те 3 жылға сотталды.