Назарбаев парламентке заң сапасын жақсартуды тапсырды

Астанадағы парламент жиыны. Астана. 1 қыркүйек 2016 жыл.

Астанада алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті екінші сессиясын бастады. Сессияны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиын кезінде Назарбаев парламент депутаттарына заң сапасын жақсартуды және заң қабылдағанда халықтың пікірімен санасу керектігін ескертті.

"Былтырғы жаңа реформаларды жалғастырып, сөзбен емес іспен жұмыс істейтінімізді әлемге дәлелдеуге тиіспіз. Парламент өзіне жүктелген тарихи міндеттін абыроймен атқаратынына сенемін. Дегенмен, кезек күттірмейтін заңдар деп, былтырғыдай заңның сапасын жоғалтып алмайық. Осы естеріңізде болсын" деді ол.

Назарбаев депутаттарға заң қабылдамас бұрын халықты заң туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етіп, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керектігін де ескертті.