Азаматтық белсенді Наталья Уласикті Алматы абақтысына жеткізген

Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында тұрғылықты жері бойынша тұтқындалған азаматтық белсенді Наталья Уласикті Қарағанды қаласынан этаппен бүгін таңертең Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша тергеу абақтысына жеткізген. Мекеме қызметкері Наталья Уласиктіңі тергеу абақтысына әкелінгені туралы ақпаратты растаған. Уласикті енді мәжбүрлі түрде сараптамадан өткізу үшін Алматыдағы психиатриялық орталыққа жібереді деген болжам бар.

Наталья Уласиктің қызы Юлия Уласик бүгін Азаттыққа анасын психиатриялық сараптамадан өткізу туралы шешімді оның үстінен «жала жапты» деп сотқа жүгінген жергілікті тұрғынның өтініші негізінде Балқаш қалалық соты мамырдың 4-і күні қабылдағанын хабарлады. Наталья Уласик сот тағайындаған алдын ала психиатриялық сараптамадан 17 маусымда Қарағанды емханасында өткен. Жергілікті медициналық комиссия оған түпкілікті диагноз қою үшін Алматыдағы републикалық психиатриялық орталықта кешенді стационарлық психиатриялық тексеруден өтуге кеңес берген.

Наталья Уласик Алматыға тексеруден өтуге барудан бас тартқан. Оны тамыздың 22-сі күні Жезқазған сотында қамауға алған. Наталья Уласик әлеуметтік желілерде билікті сынап жазатын адам ретінде танылған.