Польша Ұлыбританияны ксенофобиямен белсенді күресуге шақырды

Польша сыртқы істер министрі Витольд Ващиковский.

Польша Ұлыбританияны ксенофобия сипаты бар құбылыстарға қарсы күресті белсенді жүргізуге шақырды.

Польша сыртқы істер министрі Витольд Ващиковский бұл туралы сенбі күні британ сыртқы істер министрі Борис Джонсонмен Варшавада өткізген келіссөздерден кейін мәлімдеген.

Осыдан бір апта бұрын Лондонның іргесіндегі Харлоуда 40 жастағы поляк азаматы Арек Йозвиктің кісі қолынан қаза тапқан еді. Кейін осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Харлоуда алты жасөспірім ұсталып, сот оларды кепілге босатқан.

Британ тергеушілері бұл қылмысқа ұлттық ерекшелікке байланысты жеккөрушіліктің бар-жоғын анықтап жатыр, бірақ оның себебі жөнінде әзірше ресми ақпарат жоқ.

Ұлыбританияда маусымның 23-і күні өткен референдумге қатысқандардың көпшілігі Еуропа Одағынан шығуды қолдап дауыс берген.