АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтон Ресейдің АҚШ-тағы сайлау процесіне килігу ықтималдығына қатты алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, Мәскеу президент сайлауына Демократиялық партия мен елдің сайлау жүйесіне кибер шабуыл жасау арқылы килігуі мүмкін.
"Барлау ісі жөніндегі мамандарымыздың бұл жайтты кәдімгідей көңіл бөліп зерттеуі Ресей біздегі сайлау процесіне килігуі мүмкін деген мәселені туындатады" деп мәлімдеді Клинтон 5 қыркүйекте сайлауалды кампаниясы кезінде журналистер алдында. "Біздің алдымызда өте маңызды мәселе тұр. Бізде шетелдік бақталас күштер сайлау процесіне киліккен жағдай бұрын мүлде болмаған" деді Клинтон.
Хиллари Клинтон өзінің бәсекелесі, Республикашыл партия кандидаты Дональд Трамп Ресей президенті "Владимир Путинмен және басқа да диктаторлармен шырмалғанын" айтты. Ол Трамп Ресеймен ынтымақтасып отырған болуы, я Мәскеудің сайлау барысына ықпал етуіне түрткі болуы мүмкін екенін білдірді.
Клинтонның пікірінше, бұл оқиғалардың Трамп кандидат ретінде тіркелген соң болып отырғаны назар аудартады және Трамп "Кремльдің саясатын" қайталап отыр.
"Бізде басты партиялардың бірінің кандидаты ресейліктерді хакерлікпен көбірек айналысуға шақырған жайт бұрын-соңды болмаған" деді Клинтон Трамптың шілдеде Демократиялық партияның серверлеріне хакерлік шабуыл жасалған соң жасаған мәлімдемесін меңзеп.
27 шілдеде Майяамиде сөйлеген Трамп "Ресей, егер мені тыңдап тұрсаң, жоғалған 30 мың хатты таба аласың деп үміттенем" деп мәлімдеген. Кейін ол бұл сөзі арқылы Клинтонның мемлекеттік хатшы болып тұрғанындағы электрондық хаттарын меңзегенін білдіріп, әзілдегенін айтқан. Трамптың пікірінше, Клинтон жеке электрондық серверіндегі хаттарды өшіріп тастаған болуы мүмкін.