Ақтөбеде Құрбан айт кезінде қауіпсіздікке баса мән берілмек

Ақтөбедегі "Нұрғасыр" мешіті (Көрнекі сурет).

Құрбан айт мейрамы кезінде ақтөбеліктердің қауіпсіздігіне баса мән беріледі деп хабарлады Азаттыққа қалалық әкімдіктегі дерекөз. Аты-жөнін атамаған дереккөзі бүгін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов полиция, басқа да жауапты сала өкілдерімен бірге облыс орталығындағы мешіттерді аралап шыққанын айтты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов қала басшылығының "Нұрғасыр" мешітіне келіп кеткенін растады.

- Арнайы жұмыс тобы «Нұрғасыр» мешітіне таңғы сағат 9-дар шамасында келді. Құрбан шалынатын жер мен көлік тұрағын аралап көрді. Мерекеге ұлттық реңк беру жағы тиянақталды. Биыл «Нұрғасыр» мешітінің жанына 8, қалалық мешіттің жанына 2 киіз үй тігіледі. Ақтөбеде бұрын соңды діни мереке кезінде осынша киіз үй тігілген емес. Ұлттық ойындар жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал қауіпсіздік мәселесі күштік құрылымдар бақылауында - дейді имам Төлеби Оспанов.

Құрбан айт - мұсылмандардың ораза айт аяқталған соң 70 күннен кейін келетін діни мерекесі. Биыл ораза айы қарсаңында - 5 маусым күні Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.