Прокурор: Парламентке өлім жазасына мораторийді жою ұсынылған жоқ

Көрнекі сурет.

Қазақстанда терроризм айыбымен сотталғандарға өлім жазасын қолдануға мораторийді жою мәселесі қарастырылып жатқан жоқ деп мәлімдеді бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко

Парламент мәжілісінің жиынында журналистер сұрағына жауап берген Кравченко парламентке ұсынылған терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдар туралы заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасында терроризм мен экстремизм қылмыстары үшін өлім жазасын жою мәселесі қаралмағанын айтты.

Кравченконың пікірінше, террористер үшін өлім жазасын жоюды заңгерлер емес, қоғамның өзі шешуі керек.

"Егер барлығы оңай болғанда онда біз сол кезде-ақ кейбір қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыруды ұсынып, сол кезде-ақ қылмыспен күресетін едік. Өкінішке орай, қылмыс - көбінесе әлеуметтік құбылыс" деді Кравченко.

Парламентке ұсынылған заң жобасында экстремизм және терроризмге қатысты қылмыстар үшін көрілетін жауапкершілікті күшейу қарастырылған.

5 маусымда Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуылдан соң "Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет" деп мәлімдеген.